Айнагуль Мусина Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің 2025 жылғы 14 сәуірдегі №19Ж/Қ бұйрығымен «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК басқармасы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
Жаңа орынбасарды Ұлттық сараптама орталығының ұжымына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрайымының орынбасары Аян Мұхаметкалиева таныстырды.
«Айнагуль Мусина санитарлық-эпидемиологиялық қызметте 25 жылдық тәжірибесі бар және денсаулық сақтау ісінің үздігі атанған маман», - деді Аян Мұхаметкалиева. Ол оның кәсібилігін, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы үлкен тәжірибесін және басқарушылық құзыреттілігін атап өтті.
Таныстыру барысында «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК басқармасының төрағасы Ерлан Киясов жаңа орынбасарды құттықтап, оған жұмыста табыс тілеп, оның кәсіби тәжірибесі ұйымның алдында тұраған міндеттерді тиімді шешуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Айнагуль Мусина 1974 жылдың 21 тамызында Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Андреевка ауылында дүниеге келген. Ол Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясын «медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша және «Фемида» Қарағанды заң академиясын «заңгерлік» мамандығы бойынша бітірген.
Айнагуль Мусина санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесінде еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында бастады, онда ол тамақтану гигиенасы бойынша санитарлық дәрігер және санитарлық-эпидемиологиялық бөлімнің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Көкшетау қаласында санитарлық дәрігер, гигиена бөлімінің меңгерушісі және кейіннен Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті құрылымында санитарлық-гигиеналық бақылау бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарды.
Кейінірек Айнагуль Мусина Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде орынбасардан бастап, департамент басшысы қызметіне дейін көтерілді.
Көпжылдық еңбек жолы мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан айтарлықтай үлесі үшін Айнагуль Мусина бірнеше мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды, оның ішінде «Қазақстан Республикасының үздік санитарлық дәрігер-эпидемиологы» атағы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «Халық алғысы» медалі, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі және «Ерен еңбегі үшін» медалі бар.