Бүгін Ұлттық сараптама орталығында Ресей Федерациясының Тұтынушылар құқықтарын қорғау және адам әл-ауқатын қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Роспотребнадзор) өкілдерінің іссапары өтті. Іссапардың негізгі мақсаты — микроағзалардың антимикробтық препараттарға төзімділігіне қарсы күрес саласындағы екі ел мамандары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Ресейлік мамандардың бұл сапары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Роспотребнадзордың екі жетекші мекемесі — Орталық эпидемиология ғылыми-зерттеу институты және Гигиена және эпидемиология федералдық орталығы арасында жасалған екі әкімшілік шарт аясында жүзеге асты.
2023 жылдан бері ҰСО Шығыс Еуропа, Закавказье және Орталық Азия елдеріндегі азық-түлік және ауыл шаруашылығы секторларындағы антимикробтық препараттарға төзімділік бойынша өңірлік зертханалық желінің белсенді мүшесі болып табылады. Бірлескен жобалар негізінен антибиотиктерге төзімділікті анықтау мен бақылауға бағытталған, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігі саласында.
Сапар аясында ресейлік делегация қазақстандық әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді. Талқыланған негізгі мәселелер:
Қонақтар ҰСО зертханаларының материалдық-техникалық базасымен танысып, 2024 — 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы аралығындағы зерттеу нәтижелерін, сондай-ақ қазақстандық мамандарды Ресей Федерациясында практикалық курстар арқылы оқыту мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан «Азық-түлік қауіпсіздігі және антимикробтық препараттарға төзімділікті төмендетудегі бірлескен күш-жігер» тақырыбында 2025 жылы өтетін II Халықаралық конференцияға қатысу мәселесі қаралды.
Ерекше назар логистикалық мәселелерге, атап айтқанда Қазақстанда азық-түлік өнімдерінен бөлінген антибиотикке төзімді микроағзалардың изоляттарын жинау және Ресейге жіберу жұмыстарының ұйымдастырылуына аударылды.
Бұл сапар халықаралық ғылыми-зертханалық әріптестікті дамыту жолындағы маңызды қадамға айналды және екі елдің үйлестірілген әрекеттері антимикробтық резистенттілік сияқты жаһандық қатерге тиімді қарсы тұрудың кілті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.