ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облысы бойынша филиалының мамандары балалар ойыншықтарының екі түрінен: «Sand & Water Table» құмда ойнайтын жинақ және «Gear Light Glin» ойыншық тапаншадан стирол тапты.
Ойыншық тапаншадағы улы заттың мөлшері рұқсат етілген нормадан 4 есеге, ал құмға арналған жинақта 8,6 есеге (норма 0,01 мг/дм3) асып кеткен.
ҰСО мамандарының айтуынша, стирол суда ерімейді, алайда органикалық еріткіштерде оңай ериді. Ол бауыр мен бүйректің, қан айналымы мен жүйке жүйесінің жұмысына теріс әсер етеді. Стиролдың адам ағзасына әсері тері мен шырышты қабықтың тітіркенуімен қауіп төндіреді.
ҰСО Алматы облысы бойынша филиалының мәліметі бойынша, өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу аясында 8 ай ішінде филиалға 149 балалар ойыншықтарының үлгілері жеткізілді, оның ішінде 6-ы өнімнің қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін болып шыққан.
Зерттеу нәтижесінде анықталған деректерге байланысты бұл ойыншықтар талапқа сәйкес келмейтін өнімдер тізіліміне енгізілді (http://reestr-np.kz/rus/).